Қазақстанды қолдаған журналистке көлік сыйлады
Қырғызстандық танымал тележүргізуші Айзада Жамгырчиева Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасына ерекше қолдау көрсеткені үшін жаңа көлікке ие болды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Көліктің кілтін журналистке Қазақстан көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров табыстады. Сыйлық көкпар жарысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде берілген.
Айзада Жамгырчиева әлеуметтік желідегі парақшасында мұндай сыйлықты күтпегенін айтып, қуанышымен бөлісті.
«Мен үшін бұл жай ғана сыйлық емес. Қазақстанға деген қолдауымды байқап, бағалап, үлкен құрмет көрсеткенінің белгісі», – деді тележүргізуші.
Ол бұл оқиғаны қазақ пен қырғыз халықтары арасындағы берік бауырластықтың жарқын көрінісі деп атады.
«Осындай сәттер қырғыз бен қазақтың бауырластығы жай сөз емес екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Екі халықтың достығы нығая берсін! Қырғыз бен қазақ әрқашан бауыр!» – деді Айзада Жамгырчиева.
Бұған дейін тележүргізушінің Көшпенділер ойындарындағы тулар шеруінде Қазақстан құрамасын ерекше ықыласпен таныстырған видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тараған еді. Оның қазақстандық спортшыларға білдірген қолдауы көпшіліктің ризашылығын тудырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз