Қазақстандағы ақылы жолдарға абонемент: кімдер ала алады, бағасы қанша және қалай рәсімделеді?
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы жолдарға арналған айлық және жылдық абонементтерді рәсімдеу тәртібін түсіндірді. Абонементті ақылы жол учаскелеріне іргелес аудандарда тіркелген және жол ақысы бойынша берешегі жоқ көлік иелері рәсімдей алады. Көлік құралының тіркелген жері ҚР ІІМ деректер қоры арқылы тексеріледі, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Жеңіл автокөліктер үшін айлық абонемент қарастырылмаған. Автобустар мен жүк көліктеріне арналған айлық абонементтің құны жол санаты мен көлік түріне байланысты 1-ден 10 АЕК-ке дейін (4 325–43 250 теңге) өзгереді. Жеңіл көліктерге арналған жылдық абонемент құны – 1 АЕК (4 325 теңге), ал автобустар мен жүк көліктері үшін жол санаты мен көлік сипаттамасына қарай 12-ден 100 АЕК-ке дейін (51 900–432 500 теңге) белгіленген.
Абонементті 1403 байланыс орталығы арқылы, Kaztoll.kz сайтында немесе ақы төлеу пункттері мен клиенттерге қызмет көрсету орталықтарында рәсімдеуге болады. 1403 арқылы рәсімдеу үшін алдымен абонемент құнын көлік нөміріне аударып, кейін байланыс орталығына хабарласу қажет. Ал Kaztoll.kz сайтында тіркеліп, көлік туралы мәліметтерді енгізген соң «Абонементті рәсімдеу» бөлімінен қажетті абонемент түрін таңдауға болады. Клиенттерге қызмет көрсету орталықтарында төлемді банк картасымен, қолма-қол ақшамен немесе интернет-банкинг арқылы жасауға мүмкіндік бар.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз