Қазақстанда жыл басынан бері 30-дан астам қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды
Қазақстанда жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға жетекшілік ету және қатысу, оның ішінде трансұлттық қылмыс бойынша 38 қылмыстық іс тіркелген. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері де тергеліп жатыр.
Ведомствоның ақпаратынша, түрлі қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам жауапкершілікке тартылған. Полицейлер кәсіпкерлерге, білім беру ұйымдарына және азаматтарға қатысты жасалған 270-тен астам бопсалау дерегін анықтады.
Бұдан бөлек, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде түзеу мекемелерінде әкімшілік талаптарына бағынбау және қызметкерлерге қауіп төндіру фактілері бойынша 50-ден астам қылмыстық іс қозғалды.
ІІМ бастамасымен "заңдағы ұры" санатына жататын және шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салынған.
Сондай-ақ "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заң аясында 80-нен астам қылмыс анықталып, зардап шеккендерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз