Қазақстанда Құрылтайға сайлау басталды
23 тамыз күні таңертең еліміздің азаматтары бір палаталы парламент — Құрылтай депутаттарын сайлауға кірісті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Дауыс беру елде сағат 07:00-де басталды, ал 107 сайлау учаскесі — оның ішінде 79-ы шет елдерде орналасқан — қалғанынан бір сағат бұрын жұмысын бастады.
Сайлаушыларды алғаш қабылдаған учаскелер — Сеулдегі №422 және Токиодағы №425 учаскелер болды.
Сеулде ең бірінші дауыс берген қазақстандық — Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова. Ол Кореяда үш жылдан бері тұрады.
«Біздің таңдауымыз елдің болашағына тікелей әсер етеді. Бүгін қабылданған шешімдер Қазақстанның ертеңгі даму бағытын айқындайды. Сондықтан жастардың өз пікірін білдіріп, қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысуы аса маңызды», — деді бойжеткен.
Токиода Цукуба университетінің студенті Әлішер Азімбаев алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Ол қазақ қоғамында әділдік, заңдылық пен даналықтың символы саналатын би бейнесінде келді. Жапония мен Кореядан кейін Малайзия, Сингапур, Индонезия және Вьетнамдағы учаскелер есігін айқара ашты — бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінде хабарлады.
Бұл сайлаудың басты жаңалығы — парламенттің атауы да, депутаттар саны да емес, депутаттықты алу тәртібінің өзгеруі. Құрылтайдың барлық 145 депутаты енді тек партиялық тізім бойынша сайланады, бір мандатты округтер жойылды. Жаңа құрам бес жыл қызмет атқарады.
Сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Сайлау заңды деп танылу үшін олардың жартысынан көбі дауыс беруі тиіс. Сайлау аяқталған соң үкімет отставкаға кетеді.
Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтіп жатыр, оның 79-ы 61 шет мемлекеттегі Қазақстан өкілдіктерінде орналасқан.
Бюллетеньде сайлауға жіберілген жеті партия көрсетілген, сондай-ақ «бәріне қарсы» деген баған бар.
Құрылтайға өткізіліп жатқан алғашқы сайлаудың барысын тек қазақстандық емес, халықаралық бақылаушы миссиялар да қадағалайды.
Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз