Қазақстанда ең көп сұранысқа ие мамандықтар аталды
Қазақстандық талапкерлер бірнеше жылдан бері жоғары оқу орындарына түсу кезінде негізінен инженерлік, педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағыттарын таңдауда. Биыл да осы мамандықтарға ең көп өтініш түскенін Ғылым және жоғары білім министрлігі жазды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомство мәліметінше, сұраныс бойынша көш бастап тұрған үш бағыт өзгеріссіз қалып отыр. Олар:
- инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары;
- педагогикалық ғылымдар;
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.
Сонымен қатар бір гранттық орынға ең жоғары конкурс аудармашы, дипломат, заңгер, психолог және мұғалім мамандықтары бойынша күтіледі.
Биыл білім беру гранттарына қатысу үшін шамамен 127 мың талапкер өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. 2025 жылы грант конкурсына шамамен 113 мың адам қатысқан.
2026 жылы бакалавриат бағдарламалары бойынша 75 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді. Оның 60 пайызы инженерлік бағыттарға, 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға, қалған 20 пайызы еңбек нарығындағы қажеттілікке қарай басқа салаларға бөлінген.
Грант иегерлерін Республикалық конкурстық комиссия анықтайды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен қоғам қайраткерлері кіреді. Білім беру гранттарының нәтижелері 10 тамызға дейін жарияланады, ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін аяқталады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз