Жума, 13 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    -1°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Қазақстанда экстремистік 22 қылмыстық топ ұсталды

Фото көзі: Видеодан кадр: polisia.kz
ZontNews.kz
Қыр. 15, 2026, 9:35 Т.Ж.

Жыл басынан бері Қазақстанда діни экстремизм идеясын бүркемелеген 22 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылып, олардың құрамындағы 64 адам ұсталды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, бұл топтар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі саудасымен айналысқан. Сондай-ақ қылмыстық әрекеттер кезінде қолдану үшін атыс қаруларын сақтаған.

Мұндай топтардың заңсыз қызметі Алматы қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында анықталған.

Алматыда радикалды діни көзқарасты ұстанған төрт адам қала тұрғынының 7,5 млн теңгесін ұрлаған. Сот оларды бес жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Петропавлда радикалды идеологияны ұстанған әйелдің төрт алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын екі млн теңгеден асқан. Ол үш жылға сотталды.

Павлодарда осындай көзқарастағы жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизоды бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстан келген залал сегіз млн теңгеден асып, сот оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жалпы, полиция діни экстремизм идеясын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік және зорлық-зомбылық сипатындағы 155 қылмысты ашқан. Заңсыз айналымнан 114 атыс қаруы, үш суық қару, жеті граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден аса есірткі тәркіленді.

Құқық қорғау органдары интернетте радикалды идеология таратқан адамдарды да анықтап жатыр. Ақтөбеде әлеуметтік желі арқылы өзге дін өкілдерін қорлап, діни араздықты қоздырған тұрғын үш жыл алты айға сотталды.

Осы қалада зорлық-зомбылық әрекеттерін жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт те ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін ол алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Түркістан облысында интернетте халықаралық террористік ұйым – «Өзбекстан ислам қозғалысының» идеясын насихаттаған азамат жеті жылға сотталды.

ІІМ өкілдері діни сенім қылмыс пен зорлық-зомбылықты немесе араздықты қоздыруды ақтай алмайтынын атап өтті. Ведомство азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың жолын кесу және радикалды идеологияның таралуына қарсы күресті жалғастыратынын мәлімдеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз