Қазақстан ЖЭО-ларында көмір қоры жинақталды
Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жылу электр орталықтарында 4,1 млн тонна көмір қоры жиналды. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 1 мамырдан бері теміржол арқылы 19 млн тонна көмір тасымалданған. Оның 17,8 млн тоннасы елдегі жылу электр орталықтарына, ал 1,2 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға жеткізілді.
Қазіргі уақытта өңірлерде қажетті қатты отын қоры қалыптастырылып жатыр. Коммуналдық-тұрмыстық секторда 300 мың тоннадан астам көмір жинақталған.
Көмірді уақытылы әрі тұрақты жеткізу үшін бірқатар шара қолға алынған. Негізгі міндеттердің бірі – жылыту маусымы кезінде ЖЭО мен коммуналдық секторды отынмен үздіксіз қамтамасыз ету және теміржол инфрақұрылымына түсетін жүктемені тиімді басқару.
Жыл сайын күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысында көмір тасымалдау жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Мамандар тәулік бойы кеніштерден көмір жөнелтілуін бақылап, вагондардың берілуін және теміржолдағы жүк ағынын үйлестіреді.
«Қазтеміртранс» компаниясының қарамағында көмір тасымалдауға арналған 29 мың жартылай вагон бар. Министрлік бұл парк ЖЭО, коммуналдық сектор және өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін Энергетика министрлігі көмірдің өндіруден бастап өңірлерге жеткізіліп, халыққа сатылғанға дейінгі қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылайтын бірыңғай цифрлық жүйені іске қосқан.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз