Қазақстан математикадан әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына енді
Қазақстан құрамасы 67-ші Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына еніп, 22-орынға тұрақтады, деп хабарлайды ZontNews.kz. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемнің 117 елінен келген оқушылар қатысқан беделді білім бәйгесінде ұлттық құраманың барлық алты мүшесі жүлдегер атанып, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Жалпы, шілде айы қазақстандық оқушылар үшін халықаралық олимпиадаларда табысты болды. Бір ай ішінде олар математика, физика, химия, биология және экономика пәндері бойынша өткен халықаралық жарыстарда 24 медаль иеленді. Ең бастысы – осы бес олимпиадаға қатысқан Қазақстан құрамасының барлық мүшесі жүлдегер атанды.
Физикадан Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетіп, алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алып, бейресми командалық есепте әлемнің үздік құрамаларымен бірге 1-орынды бөлісті.
Химия олимпиадасында қазақстандық оқушылар бір алтын және үш күміс, биология олимпиадасында үш күміс пен бір қола, ал экономика олимпиадасында бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алып, үздік нәтижелер көрсетті.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, халықаралық олимпиада маусымы жалғасуда. Тамыз айында қазақстандық оқушылар информатика, география және лингвистика пәндері бойынша халықаралық олимпиадаларда ел намысын қорғайды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз