Қауіпсіздік кеңесінің өкілеттігі кеңейтілді: Тоқаев жаңа жарлыққа қол қойды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі аппаратының қызметіне қатысты бірқатар өзгеріс енгізетін жарлыққа қол қойды. Құжатта Қауіпсіздік кеңесі, оның аппараты және төраға орынбасарының өкілеттіктері нақтыланды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ақорда-ға сілтеме жасап.
Жарлыққа сәйкес, Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ереже бекітілді. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасарының негізгі міндеттері айқындалды.
Оның құзыретіне Қауіпсіздік кеңесі төрағасының актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің толық әрі уақтылы орындалуын бақылау кіреді.
Сонымен қатар төраға орынбасары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін арттыру және заң мен тәртіпті сақтау бағыттарында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді.
Жаңа ережеге сәйкес, төраға орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады.
Бұдан бөлек, ол осы бағыттардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, халықаралық байланыстарды жүзеге асырады және Қауіпсіздік кеңесі аппаратының қызметін ұйымдастырады.
Қауіпсіздік кеңесінің аппараты дербес мемлекеттік орган ретінде Президентке тікелей бағынады және есеп береді.
Аппараттың негізгі міндеттерінің қатарында ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі төрағасы мен Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне институционалдық қолдау көрсету бар.
Сонымен қатар аппарат Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етуге қатысады.
Құжатта аталған міндеттердің негізгі мақсаты Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, халықаралық аренадағы ұлттық мүдделерін және конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау екені көрсетілген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз