Қаскелеңде мерзімінен бұрын туған үшем шетінеп кетті
Қаскелеңдегі перзентханада мерзімінен бұрын дүниеге келген үшем шетінеп кетті. Марқұм болған сәбилердің туыстары оқиғаның жан-жақты тексеріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды ZontNews.kz. КТК арнасының сайтына сілтеме жасап.
КТК телеарнасының мәліметінше, жүктіліктің 25-аптасында суы кеткен 28 жастағы жүкті әйел Қаскелең қаласындағы перзентханаға жеткізілген. Дәрігерлер табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған.
Туыстарының айтуынша, отбасы әйелді кесарь тілігі арқылы босандыру үшін мамандандырылған медициналық мекемеге жіберуді сұраған. Алайда босану жергілікті перзентханада өткен.
Жақындарының сөзінше, бастапқыда оларға екі нәрестенің шетінеп кеткені айтылған, кейін үшінші сәбидің де көз жұмғаны белгілі болған. Олар медицина қызметкерлері нәрестелердің жағдайы туралы толық ақпаратты дер кезінде бермеді деп есептейді.
Сондай-ақ отбасы мүшелері жүктіліктің алғашқы кезеңі қалыпты өткенін айтып, сәбилердің өлімінің нақты себебін анықтау үшін эксгумация жүргізуді талап етуде.
Өз кезегінде Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы жүктіліктің 25-аптасында үшемді босандыру аса күрделі әрі шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдай екенін мәлімдеді. Үш нәресте де салмағы 500 грамнан төмен, экстремалды төмен салмақпен дүниеге келген. Мұндай жағдайда өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық жетілмегендіктен, өмір сүру мүмкіндігі өте төмен болады.
Медициналық мекеме аталған оқиғаға байланысты көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Қазіргі уақытта ана перзентханада ем қабылдап жатыр. Ерлі-зайыптының бұған дейін екі баласы болған. Отбасы қайғылы оқиғаға қатысты әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етуде.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз