Жума, 13 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    -2°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Камера қате айыппұл салса не істеу керек?

Фото көзі: Коллаж: Ertenmedia.kz
ZontNews.kz
Қыр. 3, 2026, 10:21 Т.Ж.

Қазақстанда жол қозғалысын бақылайтын камералар кейде жүргізушінің әрекетін қате танып, негізсіз айыппұл тіркеуі мүмкін. Мұндай жағдайда көлік иесі айыппұлды бірден төлемей, оның заңдылығын тексеріп, белгіленген мерзімде шағымдануға құқылы, деп хабарлайды ZontNews.kz. Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Мәселен, жүргізушілердің біріне көлік басқару кезінде телефон қолданғаны үшін 10 АЕК, яғни 43 250 теңге айыппұл салынған. Алайда тіркелген суреттен ұялы телефон байқалмаған. Жүргізуші тек қолын құлағына жақын ұстағанын, камера осы әрекетті телефон пайдалану деп қате танығанын айтқан.

Ал Алматыда камера алдыңғы орындықтағы үлкен ақ сөмкені жолаушы деп қабылдап, қауіпсіздік белдігі тағылмағаны үшін айыппұл тіркеген. Көлік иесі салонда жолаушы болмағанын мәлімдеді. Дегенмен полиция толық бейнежазбадан жүргізушінің өзінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталғанын хабарлады.

Айыппұлмен келіспеген жүргізуші Qamqor.gov.kz порталындағы «ЕРАП-тың жария секторы» сервисі арқылы әкімшілік істің материалдарын тексере алады. Онда құқық бұзушылық туралы мәліметтер, камера түсірген фото және бейнежазбалар қолжетімді.

Егер материалдар құқық бұзушылықты растамаса, жүргізуші дәлелдерін тіркеп, онлайн шағым жолдай алады. Уәждер негізді деп танылған жағдайда айыппұл туралы қаулының күші жойылады. Ал ақша бұрын төленіп қойса, тиісті мемлекеттік органға өтініш беру арқылы оны қайтаруға болады.

Камера тіркеген құқық бұзушылық үшін жауапкершілік негізінен көлік иесіне жүктеледі. Алайда сол сәтте көлікті басқа адам басқарса, иесі нақты жүргізуші туралы мәлімет ұсына алады. Сондай-ақ бір құқық бұзушылық үшін бірнеше айыппұл салынса, оларды да даулауға мүмкіндік бар.

Айыппұлға шағым қаулының көшірмесі алынған немесе табыс етілген күннен бастап 10 тәулік ішінде берілуі керек. Сондықтан күмән туындаса, өтінішті кейінге қалдырмаған жөн.

Жүргізуші 50 пайыздық жеңілдікпен төлеуді таңдаса, ол құқық бұзушылықты мойындаған болып есептеледі және ұсынылған дәлелдерге шағымдана алмайды. Жеңілдік мерзімі жеті тәулікті құрайды, демалыс және мереке күндері есепке алынбайды.

ІІМ түсіндіруінше, айыппұл туралы SMS ресми табыстау болып саналмайды. Ол тек хабарлама ретінде жіберіледі. Сондықтан күмәнді айыппұл келгенде алдымен фото-бейнематериалдарды қарап, содан кейін ғана төлеу немесе шағымдану жөнінде шешім қабылдаған дұрыс.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз