Қайғылы хабар: сарбаз Ербаян Мұхтар көз жұмды
Әскерде қызметін өтеу кезінде ауыр жарақат алып, екі жарым жыл бойы өмір үшін күрескен Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Бұл туралы оның отбасының заңды өкілі Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ZontNews.kz. NUR.KZ.-ке сілтеме жасап.
Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаянның оқиғасы соңғы екі жылда қоғамның әскердегі қауіпсіздік мәселесіне назар аударуына түрткі болды. Оның тағдыры әскери ортадағы зорлық-зомбылық, жауапсыздық және жабық жүйедегі өзекті мәселелерді ашық талқылауға себеп болғанын атап өтті.
«Ербаяндың өмірі үшін мыңдаған адам алаңдап, ата-анасымен бірге күресті. Ол әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символына айналды. Оның тағдыры арқылы көптеген ата-ана үнсіздікті бұзып, қоғам өзгерістерді талап ете бастады. Мемлекеттік органдар да бұл мәселелерге жауап беруге мәжбүр болды», – деп жазды заңгер.
Ол Ербаян Мұхтарды тек ауыр тағдырдың иесі емес, Қазақстандағы әрбір сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігі туралы мәселені көтерген азамат ретінде есте сақтау керектігін айтты.
Еске салайық, Ербаян Мұхтар 2023 жылы әскери қызмет кезінде ауыр бас-ми жарақатын алып, содан бері ұзақ уақыт ем қабылдаған болатын. Кейін оның денсаулығы қайта нашарлап, жансақтау бөліміне түскені хабарланған еді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз