Иран аспаны жабылды: Air Astana Таяу Шығысқа ұшу бағыттарын өзгертті
Иран билігінің елдің әуе кеңістігін пайдалануға шектеу қоюына байланысты Air Astana авиакомпаниясы бірқатар халықаралық бағыттардың бағдарын өзгертті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бұл шешім Таяу Шығыс пен Египет бағытындағы тұрақты және чартерлік рейстердің ұшу кестесіне тікелей әсер етті.
Авиакомпанияның мәліметінше жаңа бағдарлар қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында енгізіліп отыр. Енді ұшақтар Иран аумағына кірмей, өзге мемлекеттердің әуе кеңістігін пайдаланады.
«Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Мәдина қалаларына жасалатын рейстер Иранның әуе кеңістігін айналып өту арқылы орындалады» – деп хабарлады Air Astana баспасөз қызметі.
Иран билігі ел аспанын барлық ұшу түрлері үшін жапқанын жариялады. Тек тиісті рұқсаты бар Иранға бағытталған немесе сол елден шығатын халықаралық рейстерге ғана ерекше жағдайда рұқсат етілмек.
Осыған байланысты тасымалдаушы компания жолаушылардан рейс мәртебесін алдын ала нақтылап отыруды сұрайды. Бағыттың өзгеруіне орай ұшақтардың межелі жерге жету уақыты мен ұшу сағаттарында ауытқулар болуы мүмкін. Рейстердің кешігуі немесе тоқтатылуына қатысты сұрақтар бойынша авиакомпанияның ақпараттық орталықтары мен байланыс желілері жұмыс істеп тұр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз