Еуропадағы мұнай тапшылығы: Қазақстандық экспорттың азаюы нарықтағы бағаны шарықтатты
Еуропаның энергия ресурстары нарығында Қазақстаннан жеткізілетін шикізат көлемінің кемуіне байланысты айтарлықтай тапшылық байқалуда. Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жөнелтілетін CPC Blend қоспасының іркілістермен келуі физикалық мұнай сұрыптарының құнын рекордтық деңгейге көтерді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, бұл жағдайға ауа райының қолайсыздығы, жабдықтарды жөндеу жұмыстары және Қара теңіздегі терминалға жасалған дрон шабуылдары себеп болған.
Қаңтар айындағы тиеу көлемі жоспарланған межеден екі есеге жуық төмендеді. Қыркүйекпен салыстырғанда тәуліктік жеткізілім 900 мың баррельге азайған. Әсіресе, өткен жылдың 29 қарашасындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққысы КҚК-ның айлақтық құрылғысын (ВПУ-2) істен шығарып, экспорттық әлеуетке үлкен нұқсан келтірді.
«Еуропадағы физикалық мұнай сұрыптары қазір жоғары үстемеақымен сатылуда. Мәселен, Brent бағасын айқындайтын WTI Midland 13 қаңтарда базалық құнынан 2 доллар 90 центке қымбат саудаланды. Мұндай көрсеткіш соңғы бір жылда тіркелмеген. Azeri Light сұрпы да жылдық максимумге жетті» – деп хабарлады Bloomberg агенттігі.
Нарықтағы бұл теңсіздік Еуропа мен Азия аймақтарының арасындағы баға алшақтығын ұлғайтып жіберді. Еуропалық өңдеу зауыттары CPC Blend қоспасының орнына бағасы қымбат балама сұрыптарды сатып алуға мәжбүр болып отыр. Сонымен қатар, Ресейдің Каспий арқылы экспорты да тәулігіне 150 мың баррельге қысқарған.
Дегенмен, мұнай трейдерлері ақпан айында жағдай оңалады деп болжайды. Кері есеп бойынша, келесі айда Қазақстаннан келетін мұнай экспорты қалыпты деңгейге, яғни тәулігіне 1,5 миллион баррельге жетуі тиіс.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз