ЕО Ресейге қарсы 20-пакет санкциясын қабылдады: қазақстандық компания тізімде
Еуропалық одақ Ресейге қарсы кезекті, 20-пакет санкциясын бекітті. Жаңа тізімге әртүрлі елдерден 120 жеке тұлға мен 16 компания енгізілген, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Санкцияға іліккендердің қатарында Алматыда тіркелген United Trading Group компаниясы да бар. Бұл кәсіпорын 2022 жылдың наурыз айында, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай құрылған.
Журналистік деректерге сәйкес, компанияда ресми түрде тек бір қызметкер тіркелген. Соған қарамастан, соңғы төрт жылда ол бюджетке 111 миллион теңгеден астам салық төлеген. Қызметкердің жалақысы шамамен 85 мың теңге болған, бұл ең төменгі жалақы деңгейіне жақын.
Санкциялық тізімге компания басшысы әрі құрылтайшысы Алимжан Беков та енгізілген. Еуропалық одақ дерегінше, Қазақстан арқылы Ресейге өнеркәсіпте қолданылатын таза хлорлы сутек жеткізілуі мүмкін деген күдік бар.
Құжаттарға сәйкес, өнім Германияда өндіріліп, кейін Алматыға жеткізіліп, одан әрі Ресей кәсіпорындарына сатылған. Бұл тауар Ресейге экспортталуы шектелген өнімдер қатарына жатады.
Сонымен қатар, Бековтың UrSeCo Handels атты неміс компаниясымен байланысы да аталады. Еуропалық тараптың мәліметінше, ол осы логистикалық тізбекте пайдаланылған.
Бұған дейін ЕО санкциялары Қазақстандағы басқа компанияларға — Kazstanex, Металлстан, Elem Group және DA Group-қа да енгізілген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз