Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    2°C
    • Астана
      -12°C
Ру

Энергетикалық дағдарыс: Қазақстан мұнай экспортының 45 пайызынан айырылды

Фото көзі: Pixabay
Қаһар Бинахметов
Қаң. 13, 2026, 5:18 Т.Қ.
0
20

2026 жылдың қаңтар айында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы арқылы мұнай тасымалдау көлемі күрт төмендеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, CPC Blend сортының экспорты тәулігіне 800–900 мың баррельге дейін құлдыраған. Бұл желтоқсан айының ортасында жоспарланған болжамды көрсеткіштен 45 пайызға төмен.

«Трейдерлер жоспарланған 45 жөнелтімнің кемінде 21-ін тоқтатты. Терминалдағы іркілістер нарыққа әсер етіп, бағаның өсуіне түрткі болды. Жақында CPC Blend партияларының бірі Dated Brent бағасына 1,2 доллар үстемемен саудаланды, ал бұған дейін бұл көрсеткіш 60–80 цент көлемінде болады деп күтілген еді» – деп хабарлады Bloomberg.

Жеткізу көлемінің азаюына бірнеше фактор әсер етті. Дрон шабуылынан кейін бір қалқымалы айлақ құрылғысы істен шықса, екіншісі жоспарлы жөндеуде тұр. Сонымен қатар Қара теңіздегі жиілеген дауыл тиеу жұмыстарын тежеп, жөндеуді аяқтауға кедергі келтіруде. Салдарынан терминал жұмысы тұрақсыз болып отыр.

Агенттік дереккөздері КҚК-ның мұнай сақтау қоймалары шекті деңгейге дейін толғанын мәлімдеді. Соның салдарынан құбыр жүйесі өндірушілерден шикізат қабылдауды уақытша тоқтатқан. Қазақстанға экспорттың қалыпты көлемін сақтау үшін кемінде екі айлақ құрылғысының үздіксіз жұмыс істеуі қажет.

КҚК қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа шығарудың негізгі бағыты болып қала береді. Елімізде тәулігіне шамамен 1,8 миллион баррель мұнай өндірілгенімен, балама бағыттар бұл көлемнің жартысын ғана тасымалдауға қауқарлы. Терминалдағы ұзаққа созылған іркіліс өндірісті мәжбүрлі түрде азайту тәуекелін тудыруда. Қазіргі сәтте Каспий құбыр консорциумы қалыптасқан жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада КҚК нысандарына жасалған шабуылдарды жария түрде құптағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Полиция әлеуметтік желілердегі жазбалар мен пікірлерді араздықты қоздыру бабы бойынша тергеп, авторларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады