Елена Рыбакина WTA қорытындысынының чемпионы атанды
Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Рияд қаласында өткен WTA қорытынды турнирінде үздік шықты, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін жеңімпазы Арина Соболенкомен кездесті. Бірінші сетте есеп 3:2 болған сәтте Рыбакина брейк жасап, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші сет тай-брейкте шешіліп, Рыбакина 7:6 (7:0) есебімен жеңді.
Осы нәтижемен Рыбакина 1972 жылдан бері WTA қорытынды турнирінде чемпион атанған алғашқы азиялық теннисші болды. Бұған дейін қытайлық Ли На (2013) мен Чжэн Циньвэнь (2024) тек финалға жеткен еді.
Барлық матчтарын жеңіп, Елена 1 500 рейтингілік ұпайға қоса 5,235 млн доллар (2,747 млрд теңге) табысқа ие болды. Дүйсенбіде жаңартылатын WTA рейтингісінде ол 5-орынға көтеріледі.
Сонымен қатар, Рыбакина 2016 жылдан бері эйс санын 500-ден асырған алғашқы теннисші атанды. Биылғы маусымда ол TOP-10 теннисшілерінің жетісін артта қалдырып, маусым бойынша үздік нәтижеге қол жеткізді. Уимблдондағы жеңісін қоса есептегенде, Рыбакина WTA турнирлерінде 11 титул иеленді – бұл Қазақстан тарихында теңдесі жоқ көрсеткіш.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рыбакинаны жеңісімен құттықтап, теннистің дамуына қосқан үлесі мен ел абыройын көтергені үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз