Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    3°C
    • Астана
      -11°C
Ру

Болат Назарбаевтың құдасы 15 жылға сотталды

Фото көзі: Reuters
Қаһар Бинахметов
Жел. 29, 2025, 10:48 Т.Ж.
0
18

Куала-Лумпур Жоғарғы соты Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разакты билікті асыра пайдаланғаны және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

2025 жылғы 26 желтоқсанда жарияланған үкім бойынша 1MDB мемлекеттік инвестициялық қорындағы қаржылық қылмыстарға қатысты оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Көпжылдық сот процесінің қорытындысы бойынша Наджиб Разактың билікті асыра пайдаланудың 4 эпизоды және ақшаны заңдастырудың 21 эпизоды бойынша кінәсі бұлтартпас айғақтармен дәлелденді. Айыпталушы өзінің жеке банктік шотына түскен жүздеген миллион доллардың шығу тегін түсіндіре алмаған.

«Айыпталушының бұл істі саяси астарланған қудалау деп атаған уәжі нақты әрі бұлжымас дәлелдермен жоққа шығарылды. Деректер оның 1MDB мемлекеттік қорындағы шексіз позициясын және өзіне сеніп тапсырылған кең өкілеттіктерді теріс пайдаланғанын айқын көрсетеді» – деп мәлімдеді сот.

Үш жылға созылған 302 сот отырысы барысында мемлекеттік инвестициялық қордан жымқырылған 462 миллион еуроға тең қаражаттың тағдыры қаралды. Наджиб Разак 2009 жылдан 2018 жылға дейін Малайзия үкіметін басқарып, бір мезгілде елдің Қаржы министрі қызметін атқарған болатын.

Қазіргі уақытта 72 жастағы экс-премьер осы қорға қатысты бірінші іс бойынша 6 жылдық жазасын өтеп жатыр. Осыдан төрт күн бұрын сот оның мерзімнің қалған бөлігін үй қамағына ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Оның тұсындағы жемқорлық пен тамыр-таныстық даулары биліктегі ықпалды UMNO партиясының соңғы екі сайлауда жеңіліске ұшырауына әкеп соқтырды.

Наджиб Разактың Қазақстанның бұрынғы саяси элитасымен де туыстық байланысы бар. Ол Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиевамен құда болып келеді. 2015 жылы Құрманғалиеваның ұлы Данияр Кесікбаев Малайзия экс-премьерінің қызы Нуриана Наджвамен некесін қиған болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады