Боқаев ісі: серіктестері сотты ашық өткізіп, тікелей эфир талап етуде
Азаматтық белсенді Санжар Боқаевтың серіктестері оған қатысты қылмыстық істі ашық форматта, тікелей эфирде қарауды талап етті, деп хабарлайды ZontNews.kz Orda.kz. редакциясына сілтеме жасап.
Олардың пікірінше, іс саяси астарға ие және қолдан жасалған болуы мүмкін. Белсенділер қолдағы шектеулі материалдарға сүйене отырып, тергеудің әділдігіне күмән келтіреді. Осыған байланысты олар митинг өткізуге өтініш берген, алайда рұқсат ала алмаған. Сонымен қатар, сот процесін онлайн трансляциялау туралы петиция қазір модерацияда.
«Біз бұл істен саяси астарды көріп отырмыз. Барлық материалдар бізге қолжетімді емес, бірақ қолымыздағы деректерге сүйене отырып, іс қолдан жасалған деп есептейміз», – деді «#НетУтильсбору» қозғалысының өкілі Владимир Ким.
Бұл іс аясында Боқаевтан бөлек, оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа да екі айға қамауға алынған. Қозғалыс өкілі Берік Заиров мұны белсендіге қысым көрсету әрекеті ретінде бағалайды. Оның айтуынша, Ұланның әлеуметтік жағдайы ауыр, ал қамауға алынуы оның отбасына қосымша қиындық туғызады.
Еске салайық, сот шешімімен Санжар Боқаевқа екі ай мерзімге қамау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Ол 18 наурыз күні қылмыстық іс шеңберінде жүргізілген тергеу әрекеттері барысында ұсталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев «Баум тоғайында ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырып, қаржыландырды» және аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз