Бишімбаевтың бұрынғы әйелі сотталған экс-министрдің алименттен қалай жалтаруға тырысқанын айтты
Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жары Назым Қахарман алимент өндіру бойынша өткен сот процесінің мән-жайын жария етті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оның айтуынша экс-министр ажырасу кезінде бекітілген алименттік келісімшарт талаптарын орындаудан жалтару мақсатында төлем мөлшерін азайтуды талап еткен. Жоғарғы сот ата-ана құқығынан айыру туралы шағымды қараудан бас тартқаннан кейін, сотталушы тарап төлем жасауға мүмкіндігі жоқ екенін алға тартып, жаңа арыз түсірген.
«Алименттік келісім — бұл ең пәрменді құқықтық құралдардың бірі. Оны жай ғана тоқтатуға немесе орындаудан бас тартуға болмайды. Ол балаларды ғана емес, сонымен бірге ана мен әкені де қорғайды» – деді Назым Қахарман.
Сот барысында Назым Қахарманның адвокаттары Бишімбаевтың қаржылық жағдайы төлемдерді толық көлемде жасауға жететінін құжат жүзінде дәлелдеп шықты.
«Адвокаттарым Қуандықтың тағы 15 жыл бойы алимент төлеуге қауқары жететінін құжатпен айғақтады. 15 жыл, елестетіп көріңізші?» – деп мәлімдеді ол.
Назым Қахарманның сөзінше Бишімбаев сотқа дейін өзінің бірнеше жылжымайтын мүлік нысанын 26 жасқа толған үлкен ұлына өткізіп жіберген. Бұл қадам кәмелетке толмаған балаларға тиесілі алимент көлемін азайту үшін жасалған әрекет ретінде бағаланды. Алайда сот Бишімбаевтың талап арызын қанағаттандырмай, оны бұрынғы келісім бойынша төлемдерді толық өтеуге міндеттеді.
«Егер Қуандық өзін-өзі құрдымға итермелемегенде, қазір ол мультимиллионер, тіпті миллиардер болар еді. Ондай жағдайда бұл келісім оны да қорғайтын еді, мен одан артық ештеңе талап ете алмас едім» – деп айтты Назым Қахарман.
Еске сала кетейік өткен жылы сот Қуандық Бишімбаевты Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сонымен қатар Астанада Бишімбаевтардың туысы Бекзат Кемеловаға қатысты сот тергеуі басталды. Ол Әлмира Нұрлыбекованың 1 миллион доллар ақшасын алаяқтық жолмен иемденгісі келді деп айыпталуда. Тергеу нұсқасы бойынша Кемелова Бишімбаевтың анасына моральдық қолдау көрсету атын жамылып, оның сеніміне кіру арқылы қаражатты қолды қылмақ болған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз