Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    2°C
    • Астана
      -12°C
Ру

Биометриялық тексеріс пен несие рәсімдеу тәртібі қатаңдады

Фото көзі: Freepik
Қаһар Бинахметов
Қаң. 19, 2026, 4:38 Т.Қ.
0
41

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) үшін биометриялық сәйкестендірудің жаңа ережелерін бекіттіі, деп хабарлайды ZontNews.kz.

26 қаңтардан бастап қолданысқа енетін бұл нормалар қаржы институттарын клиенттің фотосуретімен шектелмей, оның нақты уақыттағы бейнесін (liveness detection) алуға және мемлекеттік мәліметтер базасымен салыстыруға міндеттейді.

Жаңа тәртіп бойынша клиенттің жеке басын растау үшін смартфон немесе компьютердегі арнайы бағдарламалық жасақтама арқылы нақты уақыттағы бейне кескіні алынуы тиіс. Жүйе пайдаланушыға көзін жыпылықтату немесе басын бұру сияқты арнайы командалар беру арқылы оның тірі адам екенін тексереді. Тексерістен өту үшін клиентке үш мүмкіндік беріледі, егер олар сәтсіз аяқталса, сәйкестендіру тоқтатылады.

«Жүйе клиенттің ЖСН нөмірін сұратып, оның кескінін Мемлекеттік жеке тұлғалар деректер базасындағы (МЖТ ДБ) немесе провайдердің верификацияланған базасындағы эталонмен салыстырады» – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Сәйкестендіру нәтижелері банкте немесе МҚҰ-да жеке электрондық құжат түрінде сақталады. Бұл нормалар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қаңтарда қол қойған «Банктер және банк қызметі туралы» заңның жаңа редакциясында және микроқаржы қызметіне қатысты түзетулерде көрсетілген.

Жаңа заңнамалық акт Қазақстанның қаржы секторы үшін бірқатар стратегиялық өзгерістерді қарастырады. Атап айтқанда банк лицензияларының екі түрі (базалық және әмбебап) енгізіліп, дәстүрлі банктерде «исламдық терезелер» ашуға рұқсат берілді. Сондай-ақ халықтың қарыз жүктемесін азайту мақсатында коллекторларға берешекті сатуға қойылған мораторий ұзартылып, соттан тыс банкроттық рәсімдері жеңілдетілді.

Алаяқтықпен күресті күшейту үшін алғаш рет несие рәсімдегенде клиенттің банк бөлімшесіне жеке келуі міндеттелді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады