Әбілхановтың мәлімдемесі расталмады: Air Astana-ның экс-қызметкерлеріне қатысты үкім шықты
Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Air Astana және FlyArystan авиакомпанияларының бұрынғы менеджерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жариялады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сот бес жыл бойы жүйелі түрде қаржы жымқырып, оны жылыстатумен айналысқан үш қызметкерді кінәлі деп танып, оларды 8 жыл 6 айдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырды.
Тергеу материалдарына сәйкес айыпталушылар 2019-2024 жылдар аралығында компания қаражатын заңсыз иемденіп, ол ақшаға жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған. Сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, келтірілген шығын олардан ортақ тәртіппен өндірілетін болды.
«Жәбірленуші тараптың талап-арызы қанағаттандырылды, шығын сотталушылардан ортақ тәртіппен өндірілді. Қылмыстық жолмен табылған мүлік шығынды өтеу есебіне тәркіленді» – деп мәлімдеді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.
Бұл іс басты айыпталушылардың бірі Ренат Әбілхановтың мәлімдемесінен кейін қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Ол өзіне тағылған айыптарды «корпоративтік қақтығыс» деп атап, билеттерді төмендетілген бағамен сату компания ішіндегі үйреншікті тәжірибе болғанын алға тартқан. Сондай-ақ ол компанияны IPO-ға дайындау кезінде коммерциялық көрсеткіштерді қолдан асыра көрсету үшін қысым жасалғанын мәлімдеген болатын.
Алайда Air Astana басшылығы бұл уәждерді ресми түрде теріске шығарды. Авиакомпания өкілдерінің айтуынша сот шешімі ішкі аудиттің қорытындыларын толық растап, Әбілхановтың мәлімдемелерінің негізсіз екенін дәлелдеді.
«Сот барлық мән-жайды жан-жақты қарап, анықталған іс-әрекеттердің құқыққа қайшы болғаны туралы қорытындыға келді. Бұған дейін жарияланған Ренат Әбілхановтың түсіндірмелері нақты фактілерге сәйкес келмейтіндіктен, расталған жоқ» – деп хабарлады Air Astana авиакомпаниясының баспасөз қызметі.
Сот үкім кесерде айыпталушылардың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын және олардың әрқайсысының асырауында екі кішкентай баласы бар екенін жеңілдетуші жағдай ретінде ескерді. Дегенмен келтірілген шығын көлемінің ауқымдылығына байланысты сот оларды қоғамнан оқшаулау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз