Бектенов курьерлер мен кибералаяқтарға қатысты бақылауды күшейтуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында көшедегі тәртіп пен цифрлық қауіпсіздік мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ZontNews.kz. Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиын барысында микромобильді көліктерге қатысты жағдай талқыланды. Үкімет басшысы электрвелосипедтер мен скутерлерді реттеу мәселесіне назар аударып, олардың қозғалысына қатысты нақты тәртіптің сақталуын сұрады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов электрвелосипедтер қазір мопедтерге теңестірілгенін айтты. Оның сөзінше, бұл көлік түрлеріне жол қозғалысы талаптары, соның ішінде арнайы орындармен жүру және жүргізуші куәлігінің болуы міндеттеледі.
Премьер-министр әсіресе тротуармен жүретін курьерлерге қатысты шағымдардың көбейгеніне тоқталып, бұл бағытта тәртіп орнатуды тапсырды.
Отырыста интернет-алаяқтық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бектенов киберқылмысқа қарсы күресті күшейту қажет екенін атап өтіп, ІІМ-ге банктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, күмәнді транзакцияларды бұғаттау, жалған колл-орталықтарды анықтау бойынша қосымша ұсыныстар әзірлеуді жүктеді.
Сондай-ақ “Цифрлық полицей” жобасын жедел енгізу, киберволонтерлік тәжірибені дамыту және мамандар даярлауды кеңейту қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, қысқа мерзімде Еуропа кеңесі-нің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясын ратификациялау жөніндегі заң жобасын келісу жұмыстарын аяқтау тапсырылды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз