Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026 г.

$ 503.05
595.85
6.55
  • Алматы
    2°C
    • Астана
      -12°C
Ру

Әбдірахымовтың оралуы: Шымкенттің экс-әкімі «Самұрық-Қазына» құрылымынан жаңа қызмет алды

Фото көзі: IG/ @ccgt_turkistan
Қаһар Бинахметов
Қаң. 9, 2026, 3:42 Т.Қ.
0
26

Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидулла Әбдірахымов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Оның жаңа қызметке келуі Түркістан облысындағы бу-газ электр станциясының құрылысына барған жұмыс сапары кезінде белгілі болды.

Қордың баспасөз қызметі Әбдірахымовтың бұл лауазымға 2025 жылғы 29 желтоқсанда ресми түрде кіріскенін растады.

Бұл тағайындау экс-әкімнің ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жария қызметі ретінде бағаланып отыр. 2021 жылы мәдениет және спорт вице-министрі лауазымынан кеткеннен бері ол мемлекеттік басқару жүйесінде көрінбеген еді. Әбдірахымовтың саяси карьерасы бұған дейін бірқатар резонансты оқиғалармен есте қалды. 2019 жылы Лондоннан түсірген бейнежазбасы мен Арыстағы төтенше жағдай кезінде айтқан даулы мәлімдемелері оның отставкасына себеп болған болатын.

Сонымен қатар 2023 жылы кәсіпкер Сайдулла Қожабаев Әбдірахымов пен Кәрім Мәсімовтің үстінен мүлікті заңсыз иелену бойынша шағым түсіріп, іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған еді. Экс-әкімнің есімі Кентаудың бұрынғы басшысы Рашид Аюповқа қатысты 2,8 миллион долларлық пара алу ісінде де аталды. Сот барысында Аюповтың Әбдірахымовқа қатысты компромат ұсынуға дайын екендігі туралы деректер келтірілген.

Әбдірахымовтың жаңа қызметке келуі «Samruk-Kazyna Construction» айналасындағы бюджет қаражатын жымқыру дауымен тұспа-тұс келді. Бұған дейін елордалық сот мердігер компания басшысы Ерден Нұрабаевты тұрғын үй кешені құрылысына бөлінген 2,6 миллиард теңге аванстық қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны үшін жеті жылға соттаған болатын. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше аталған қаражаттың бір бөлігі фиктивті келісімшарттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке қажеттіліктерге жұмсалған.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз

Сізді де қызықтырады