Сәрсенбі, 5 Тамыз 2026 г.

$ 471.98
543.39
5.82
  • Алматы
    25°C
    • Астана
      25°C
Ру

Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталуы мүмкін

Фото көзі: : Ақорда
ZontNews.kz
Маусым 26, 2026, 2:30 Т.Қ.

Оқу-ағарту министрлігі бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) бастауыш сыныптарда алып тастау мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін мәлімдеді, деп хабарлайды  ZontNews.kz.

Министрдің айтуынша, бұл бастама ата-аналардың жиі көтеретін ұсыныстарының бірі. Себебі қазіргі бағалау жүйесінде жиынтық жұмыстарды орындауға ата-аналардың араласуы жиі кездеседі.

– БЖБ мен ТЖБ алғашында оқушылардың білім деңгейін бағалау үшін енгізілді. Алайда іс жүзінде бұл жұмыстарды орындауға ата-аналар да белсенді қатысады. Сонымен қатар қазіргі таңда жиынтық бағалау нәтижелерінің сатылуына қатысты деректер тексеріліп жатыр. Мұндай жағдайларға құқықтық баға берілуі тиіс, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, критериалды бағалау жүйесі қолданылатын көптеген дамыған елдерде бастауыш сынып оқушылары үшін мұндай жиынтық бағалау түрлері жоқ. Осыған байланысты министрлік БЖБ мен ТЖБ-ны тек бастауыш сыныптардан алып тастау мүмкіндігін талқылап жатыр.

Сүлейменова Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың бұл жүйені енгізуге жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсынысына да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселені және жүйеге бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру Жоғары аудиторлық палата мен өзге де уәкілетті органдардың құзыретіне жатады.

Министр 2016 жылдан бері енгізілген білім беру стандарттары мен критериалды бағалау жүйесі барлық жағдайда күткен нәтижені бермегенін атап өтті. Осыған байланысты ата-аналар мен педагогтер тарапынан сын-пікірлер жиі айтылып келеді.

БЖБ мен ТЖБ-ға қатысты түпкілікті шешім биылғы тамыз айында қабылданады.

Сонымен қатар министр бес балдық бағалау жүйесін қайта енгізуді қолдамайтынын айтып, оны ескірген тәсіл деп атады. Қазіргі уақытта министрлік оқушылардың жас ерекшелігі мен білімді меңгеру деңгейін ескеретін бағалаудың жаңа үлгілерін, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану жолдарын қарастырып жатыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз