Жума, 13 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    -2°C
    • Астана
      -1°C
Ру

Бас прокуратура сайлау ережелерін еске салды

Фото көзі: : Жанар Каримова
ZontNews.kz
Шілде 8, 2026, 9:30 Т.Ж.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы алдында сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу 2–23 шілде аралығында өтеді. Ал сайлауалды үгіт 23 шілде сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады.

Бас прокуратура тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынатынын еске салды. Бұл талапты бұзғандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапқа тартылады.

Сонымен қатар сайлаушылардың дауысын сатып алуға бағытталған кез келген әрекетке жол берілмейді. Оған тегін немесе жеңілдікпен тауар тарату, қызмет көрсету, ақша немесе өзге де сыйақы беру, лотереялар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, сондай-ақ осындай уәде беру жатады. Мұндай заң бұзушылықтар үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұдан бөлек, сайлау тағайындалған сәттен бастап кандидаттарға, саяси партияларға және олардың атынан әрекет ететін тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды қоспағанда, қайырымдылық акцияларын өткізуге тыйым салынады. Заң талаптарын бұзу кандидаттың немесе партиялық тізімнің тіркеуінің күшін жоюға дейін алып келуі мүмкін.

Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларға кандидаттардың және саяси партиялардың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтерді жарияламау міндетін де еске салды. Мұндай ақпаратты тарату, жала жабу немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін жалған хабарлама жариялау әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ қоғамдық пікірге сауал салуды заң талаптарына сәйкес тіркелген және осы бағытта кемінде бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана жүргізе алады. Сауалнама нәтижелерін дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес күн ішінде және дауыс беру күні жариялауға тыйым салынады. Ал жеке тұлғалардың мұндай сауалнамаларды жүргізуі мен нәтижелерін жариялауына заң бойынша жол берілмейді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз