Қазақстанда жыл басынан бері терроризм және экстремизм үшін 17 адам сотталды
Биылғы жылдың басынан бері Қазақстанда терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар жасағаны үшін 17 адам бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомство дерегінше, Алматы қаласының тұрғыны 2017 жылы халықаралық террористік ұйым қатарына қосылып, шетелге кеткен. Ол 2025 жылы шетелде ұсталып, Қазақстанға жеткізілген. Сот оны террористік әрекетке қатысқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Тағы бір іс бойынша Көкшетау қаласының тұрғыны 2013 жылы шетелге кетіп, интернет арқылы терроризм мен діни экстремизм идеяларын насихаттаған. ҰҚК оны шетелдік серіктестермен бірлесіп ұстаған. Сот шешімімен ол 9 жыл 6 айға сотталды.
Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысы мен Ұлытау облысы аумақтарында террористік қылмыс жасаған 6 діни радикал ұсталған.
Бұдан бөлек, 4 адамның жазасын өтеу кезінде де терроризмді насихаттағаны анықталған. Қазіргі таңда аталған тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз