Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру басталды: 21 мыңнан астам жас азамат армия қатарын толықтырады
Мемлекет басшысы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Президент Жарлығына сәйкес, 17 наурыздан бастап қалалық және аудандық шақыру комиссиялары әкімдердің орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.
- 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азаматты Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңнан астам адам Қарулы күштерге, 7 мыңнан астам адам ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуық адам ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге жуық адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады, - деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков.
Ол сондай-ақ азаматтарға шақыру SMS-хабарлама және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы кемінде үш күн бұрын жіберілетінін еске салды. Мұндай хабарламалар ресми шақыру болып есептеледі. Шақырту алған азамат жергілікті әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз