Қазақстанда АЭС құрылысына Ресей тарапынан несие тарту жоспарлануда
Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасын қаржыландыру үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты қаржыландыру тетігі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, жобаның негізгі бөлігі несие есебінен қаржыландырылып, бір бөлігі Қазақстан үкіметінің үлесі ретінде қарастырылады.
«Қаржыландыру құрылымында шамамен 85 пайыз несие түрінде, 15 пайызы Қазақстан тарапынан бөлінеді. Қазіргі таңда тиісті құжаттар дайындықтың жоғары деңгейінде», – деді ол.
Жоба аясында екі энергоблоктан тұратын атом электр станциясы салынады деп жоспарлануда. Оның әрқайсысының қуаты шамамен 1200 мегаватт болады. Алдын ала есеп бойынша, жобаның жалпы құны шамамен 15 миллиард АҚШ долларын құрауы мүмкін.
АЭС құрылысы үшін негізгі алаң ретінде Балқаш маңындағы Үлкен ауылы аймағы қарастырылып отыр. Қазіргі таңда бұл жерде жобалау және іздестіру жұмыстары толық аяқталған.
Сарапшылардың айтуынша, жобалау кезеңі орта есеппен 5–7 жылға созылса, құрылыс жұмыстары 10–15 жыл уақыт алуы мүмкін.
Сонымен қатар, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мақсатында Ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отыр. Бұл құрылым болашақ атом станцияларының иесі болып, оларды басқару және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүзеге асырады деп күтілуде.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз