AZAL апатына бір жыл: Құрбандардың туыстары Ақтауға келді
Ақтауға AZAL әуе компаниясының ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындары келді. Әзербайжаннан ұшып келген отбасылар 2024 жылғы 25 желтоқсанда болған қайғылы оқиғаның бір жылдығына арналған еске алу шараларына қатысады, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Бакуден Грозныйға бет алған ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан 38 адам өмірімен қоштасқан еді.
Апатта қарындасынан айырылған Джошгун Насибли Қазақстан мен Әзербайжан билігіне қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
«Еліміздің Қазақстандағы консулдығы мен AZAL компаниясына бұл сапарды ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз. Президент мырзаның батылдығының арқасында осы қылмысқа қатысы бар тұлғалар жазаланып, әділдік орнайды деп сенеміз. Кінәлілер лайықты жазасын алғанда ғана жанымыз тыншиды» – деді Насибли.
Бұл сапар Ресей мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық шиеленіс бәсеңдеген тұсқа сәйкес келді. Осы жылдың қазан айында Ресей президенті Владимир Путин апаттың себебін алғаш рет ашық мойындап, ұшақтың ресейлік әуе қорғанысының зымыранның сынықтары тиюі салдарынан құлағанын растады. Мәскеу бұл жағдайды техникалық ақаумен және әуедегі дрон қаупімен байланыстырды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Мәскеудің тергеуге көмектесуге дайын екендігін оң бағалады.
«Сіз тергеу барысын жеке бақылауыңызға алдыңыз, сондықтан оның жан-жақты әрі объективті жүргізілетініне күмәніміз болған жоқ. Осы мәселені кездесуімізде көтеруді маңызды деп санағаныңыз үшін тағы да ризашылығымды білдіремін» – деп мәлімдеді Әлиев.
Қазіргі уақытта Қазақстан тарапы жүргізіп жатқан тергеу амалдары аяқталуға жақын. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, күрделі сараптамалар жүргізіліп жатыр және жақын арада түпкілікті процестік шешім қабылданады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз