Қазақ тілінде қызмет көрсетпеген әкімші халықтан кешірім сұрады
Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында болған тілдік жанжал құқықтық шешімін тапты. Gusto мейрамханасындағы қызмет көрсету салдарынан туындаған дау екі тараптың әкімшілік жауапкершілікке тартылуымен және өзара ымыраға келуімен аяқталды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуден бас тарту оқиғасы қоғамдық пікірді дүр сілкіндіріп, құқық қорғау органдарының жедел араласуына себеп болған еді. Алматы қалалық полиция департаменті жүргізген тексеріс кезінде тараптардың қызуқандылыққа салынып, нәтижесінде бір-біріне қол жұмсағандары анықталды. Сот шешіміне сәйкес мейрамхана қызметкері мен келушіге ұсақ бұзақылық бабы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Оқиғадан кейін мейрамхана әкімшісі Елена есімді азаматша заңгер Мейірман Шекеевтің қатысуымен көпшілік алдында мәлімдеме жасады.
«Мен өзімнің сөздерім үшін отандастарымнан кешірім сұраймын. Мен де Қазақстанның азаматымын. Эмоцияға беріліп «Мен КСРО-да тудым» деп айтқаным үшін халқымның алдында кешірім сұраймын. Ешкімге тіл тигізгім келген жоқ» – деп мәлімдеді мейрамхана әкімшісі.
Мекеме басшылығы болған жағдайды толық мойындап, мейрамхана мәзірін заңнама талаптарына сай түзетуге және қызмет көрсету этикасын жақсартуға уәде берді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз