Қазақ тілі халықаралық олимпиада тіліне айналды
Қазақстандық оқушылар халықаралық білім додасында жоғары нәтиже көрсетті. APLO-2026 аясында қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде қолданылды, деп хабарлайды ZontNews.kz. Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік бұл бастаманы мемлекеттік тілдің жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі рөлін арттырудағы маңызды қадам ретінде бағалап отыр.
Олимпиада барысында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушылар платформасында қазақ тілінде жарияланды. Осы арқылы қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді.
Биылғы зияткерлік жарысқа Қазақстан, Қытай, Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Таиланд елдерінен 300-ге жуық оқушы қатысты. Бұл олимпиада халықаралық лингвистикалық олимпиадаға іріктеу кезеңдерінің бірі саналады. Қазақстан құрамасы бұл додаға үшінші рет қатысып отыр.
Ел намысын қорғаған 8 оқушының нәтижесінде Қазақстан 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, тағы 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жеке есепте Орал қаласындағы зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Шыңғыс Қарасаев 9-орын алып, алтын жүлдеге ие болды. Күміс медальді Астанадан Әмірбек Азатбеков иеленді. Ал Рамазан Бутантаев (Ақтау) пен Кирилл Тұрғымбаев (Қостанай облысы) қола жүлдегер атанды.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынға тұрақтады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз