Қазақ өнерінің алыбы Асанәлі Әшімов өмірден өтті
Қазақстанның көрнекті кино және театр актері, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов өмірден өтті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Журналист әрі Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Бауыржан Халиолла Facebook парақшасында хабарлады.
«Ұлы жүрек тоқтады. Ғасыр адамы Асанәлі ағаның соңғы сағаты соқты»
Асанәлі Әшімов 1937 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген. Ол кино және театр актері, режиссер, педагог, профессор ретінде қазақ өнерін дамытуға айрықша үлес қосып, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі атақтарына ие болды. Сондай-ақ мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты болып, Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды.
Әшімов 30-дан астам фильмде ойнаған және Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театры сахнасында 50-ге жуық рөлді сомдаған. «Ботагөз», «Қыз-Жібек», «Транссібір экспрессі», «Маньчжур нұсқасы» фильмдері халық сүйіспеншілігіне бөленді. Театрда ол «Абайда» – Керім, «Еңлік-Кебекте» – Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландыда» – Айшуақ, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Қодар рөлдерін ерекше сомдады.
Ұзақ жылдар бойы Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті және Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды, қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосты.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз