Ауыр қылмыстарға күдікті ер адам қаза болды
Қырғызстанда бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілінген азамат тергеу изоляторында көз жұмды. Бұл туралы ZontNews.kz Kaktus.Media-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Былтыр Жел-Арық ауылы маңында жоғалып кеткен 17 жастағы Айсулуу М.-ның мәйіті табылған болатын. Тергеу барысында қыздың қылмыс құрбаны болғаны анықталып, көп ұзамай күдікті ретінде Құмарбек Абдыров ұсталды. Ол тергеу кезінде аталған оқиғаға және бұрын жасалған бірқатар қылмыстарға қатысы барын мойындаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, Абдыров 2011–2015 жылдар аралығында бірнеше ауыр қылмыс жасаған. Атап айтқанда, 2011 жылы Орок ауылында жүкті әйелдің өліміне, 2014 жылы Бішкекте 19 жастағы Камилла Дүйшебаеваның қаза болуына, сондай-ақ сол кезеңде тағы бір жас әйелдің өліміне қатысты іс материалдарында оның есімі аталады. 2015 жылы бір қызға қатысты жасалған қылмыс әрекеті сәтсіз аяқталып, жәбірленуші тірі қалған.
2016 жылы Абдыров 12 жылға бас бостандығынан айырылып, кейін жаза мерзімі 7 жылға қысқартылған. Ал Айсулуу М.-ның өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі әлі шықпаған еді.
Қылмыстық-атқару қызметінің мәліметінше, күдікті 7 ақпан күні түскі уақытта тергеу изоляторында қаза тапқан. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз