Атырауда 19 күн бұрын жоғалған азаматтың мәйіті табылды
Атырау облысында 9 қаңтардан бері хабар-ошарсыз кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу шаралары қайғылы жағдаймен аяқталды. Құтқарушылар марқұмның денесін Жайық өзенінен тауып, полиция қызметкерлеріне өткізді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше 28 қаңтар күні жүргізілген сүңгуірлік жұмыстар барысында ер адамның мәйіті су астынан, шамамен екі метр тереңдіктен шығарылды. Бұған дейін іздеу топтары өзен жағалауынан марқұмға тиесілі жеке заттарды тапқан болатын. Ол орын мәйіт табылған жерден 100 метр қашықтықта орналасқан.
«28 қаңтар күні ер адамның денесі шамамен екі метр тереңдікте табылды. Мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды» – деп хабарлады Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Көкарна ауылының тұрғыны Талғат Назаров Атырау қаласына 9 қаңтарда дәрігердің кеңесін алу үшін келген. Алайда медициналық мекемеге барғаннан кейін ол үйіне қайтып оралмаған.
Жоғалған азаматты іздеуге ауқымды күш жұмылдырылды. Іздеу-құтқару операциясына ТЖД мамандары, полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары мен қала еріктілері қатысты. Қазіргі уақытта өлімнің себебін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз