Астанада Арал мәселесі талқыланды: Тоқаев қандай бастамалар көтерді
Астанада Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті, деп хабарлайды ZontNews.kz. Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларына қатысқаны үшін алғыс айтып, Қордың Орталық Азиядағы су және экологиялық мәселелерді шешудегі негізгі алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде халықаралық ұйымдардың қатысуымен 30-дан астам өңірлік жоба жүзеге асырылып жатыр, ал олардың жалпы қаржыландыру көлемі 2 миллиард доллардан асады.
Президент сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы-мен бірлесіп әзірленген 2026–2029 жылдарға арналған өңірлік жол картасы Арал маңы халқының денсаулығын жақсартуға бағытталғанын айтты.
Тоқаев Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру бағытындағы жұмыстардың нәтижесін де атап өтті. Соның арқасында теңіздегі су көлемі 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін артқан. Бұл өңірдегі балық шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайға оң әсер еткен. Сонымен қатар, «Арал» геопаркін ЮНЕСКО-ның жаһандық желісіне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соған қарамастан, Президент Арал бассейніндегі экологиялық жағдайдың әлі де күрделі екенін ескертті. Соңғы жылдары өңірде ауа температурасы көтеріліп, құрғақшылық күшейген, жауын-шашын азайған. Аралқұмнан көтерілетін тұз бен шаң мыңдаған шақырымға таралып, тіпті мұздықтарға дейін жетуде. Бұл Тянь-Шань мен Памир мұздықтарының жағдайына кері әсер етіп отыр.
Мемлекет басшысы су ресурстарын пайдалану мәселесіне де тоқталды. Қазіргі таңда судың 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығында қолданылады, бірақ суармалы жүйелердегі шығын азаймай отыр. Осыған байланысты Тоқаев ұзақмерзімді және келісілген шешімдер қабылдауға шақырды.
Президент су мәселесін тек аймақтық емес, жаһандық стратегиялық міндет ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Ол су ресурстарын тиімді басқару үшін халықаралық стандарттарға негізделген конвенция қабылдауды, сондай-ақ трансшекаралық өзендерді бірлесіп реттеуді ұсынды.
Сонымен қатар, Сырдария және Әмудария бассейндерінде су мониторингінің бірыңғай цифрлық жүйесін енгізу бастамасы көтерілді. Қазақстан мен Өзбекстан бұл бағытта алғашқы жобаларды іске асырып жатыр.
Жиын барысында институционалдық реформалар да талқыланды. Атап айтқанда, мемлекетаралық энергетика комиссиясын құру және су-энергетика саласындағы үйлестіруді күшейту мәселесі көтерілді.
Президент Қырғызстанның Қордағы қызметі уақытша тоқтап тұрғанын айтып, бұл елдің ұйым жұмысына қайта оралуы өңірдің орнықты дамуы үшін маңызды екенін жеткізді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің тағдыры – бүкіл Орталық Азия елдері үшін ортақ экологиялық сын-қатер екенін атап өтіп, мемлекеттерді бірлесіп әрекет етуге шақырды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз