Астана УЕФА Суперкубогын қабылдайтын болды
2028 жылы УЕФА Суперкубогы үшін матч Астанада өтеді. Бұл туралы Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы жазды, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Кездесу «Астана Арена» стадионында ұйымдастырылады. Мұндай шешімді УЕФА атқарушы комитеті Грекияның Салоники қаласында өткен отырыста бекітті. Матчтың нақты күні мен қатысушылары кейінірек белгілі болады.
УЕФА Суперкубогы үшін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары жыл сайын өзара кездеседі. 2027 жылғы ойын Амстердамдағы «Йохан Кройф Арена» стадионында өтеді.
УЕФА атқарушы комитеті басқа турнирлердің финалдары өтетін қалаларды да анықтады. Чемпиондар лигасының шешуші кездесулері 2028 жылы Мюнхенде, ал 2029 жылы Барселонадағы «Камп Ноу» стадионында ұйымдастырылады.
Еуропа лигасының финалдарын Бухарест пен Белград, ал Конференциялар лигасының шешуші матчтарын Турин мен Будапешт қабылдайды.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз