Алматыда жер сілкінісі сезілді: эпицентрі Қытайда болды
29 шілде күні Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезінді. Жерасты дүмпуінің эпицентрі Қытай аумағында тіркелді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Сейсмологтардың мәліметінше, жер сілкінісі сағат 11:09-да болған. Оның эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 257 шақырым жерде, Қытайдың Оңтүстік Шыңжаң өңірінде орналасқан.
Еуропа–Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы жер сілкінісінің магнитудасын 4,6, ал Қазақстанның Ұлттық деректер орталығы 4,7 деп бағалады. Жер сілкінісінің ошағы 7 шақырым тереңдікте орналасқан.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматыда жер асты дүмпуінің күші 2 баллды құрады.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер мен қираулар тіркелген жоқ.
Құтқарушылар тұрғындарға жер сілкінісі кезінде лифтіні пайдаланбауға, терезелер мен ауыр жиһаздардан алыс тұруға, ал дүмпу тоқтағаннан кейін ғимараттан шығуға кеңес берді. Сондай-ақ қайталама жер сілкіністеріне дайын болу қажеттігін ескертті.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз