Алматыда бұрынғы судья Жолмановаға қатысты тағы үкім шықты
Алматы қаласында алаяқтық үшін 10 жылға сотталған бұрынғы судья Светлана Жолманова бойынша тағы бір сот үкімі жарияланды. Бұл туралы ZontNews.kz хабарлады.
11 ақпанда Медеу аудандық №2 соты 45 жастағы Жолманованы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («аса ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша кінәлі деп таныды. Сот барысында оның алты жәбірленушіге жалпы сомасы 168 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтіргені анықталды.
Сот Жолманованы 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда 2025 жылғы 19 маусымда осы бап бойынша тағайындалған 10 жылдық жаза ескеріліп, түпкілікті үкім орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жыл деп белгіленді. Осылайша негізгі жаза мерзімі өзгеріссіз қалды.
Іс бойынша алты жәбірленуші танылған. Сот олардың үшеуінің азаматтық талап-арызын қанағаттандырды. Нәтижесінде Жолмановадан ондаған миллион теңге көлемінде материалдық шығын мен мемлекеттік баж өндіру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 2026 жылға арналған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (86 500 теңге) мәжбүрлі төлем белгіленді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және бұрынғы судья оны апелляциялық тәртіппен даулай алады.
Еске салсақ, тергеу дерегіне сәйкес, Светлана Жолманова 2021–2024 жылдар аралығында тұрғын үй алып беруге және тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деген сылтаумен азаматтарды алдап, 1 миллиард теңгеден астам қаржыны иемденген. Тергеу барысында оның қылмыстық әрекеттерінің 48 эпизоды анықталған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз