Жума, 13 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    -2°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Алматыда автотұрақ ережелері өзгерді

Фото көзі: : Orda.kz
ZontNews.kz
Там. 17, 2026, 9:10 Т.Ж.

Алматыда 16 тамыздан бастап автокөлік тұрақтарын пайдаланудың жаңартылған ережелері күшіне енді. Енді коммуналдық ақылы тұрақтарда төлем минутына қарай есептеледі, ал көппәтерлі үйлердің тұрғындары үйінен 500 метр радиуста бір тұрақ орнын тегін пайдалана алады, деп хабарлайды ZontNews.kz.

Төлем әр минут үшін есептеледі

Алматы мәслихатының шешіміне сәйкес, коммуналдық ақылы тұрақтарда ақы бұрынғыдай белгіленген уақыт аралығы үшін емес, көліктің нақты тұрған әрбір минуты үшін алынады.

Тротуар типіндегі коммуналдық тұрақтарда алғашқы бес минут тегін. Бұл уақыт жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге, сондай-ақ жүк тиеу мен түсіруге арналған. Егер көлік бес минуттан артық тұрса, төлем тұраққа қойылған алғашқы минуттан бастап есептеледі.

Үй тұрғындарына бір тұрақ орны тегін

Жаңа ережелер көппәтерлі үйлерде тұратын азаматтарға да жеңілдік қарастырады. Пәтер иелері мен жалға алушылар тұрғылықты жерінен 500 метр радиуста орналасқан коммуналдық тұрақтардың бірін таңдап, оны тегін пайдалана алады.

Тегін тұраққа құқық алу үшін басқарушы ұйымның интернет-ресурсы немесе азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы өтініш беру қажет.

Бір пәтерге бір автокөлік үшін ғана тегін тұрақ қарастырылған. Бұл мүмкіндік жерасты, көпдеңгейлі және механикаландырылған паркингтерге қолданылмайды.

Сонымен қатар мемлекеттік нөмірі оқылмайтын, жасырылған немесе оны өзгертуге мүмкіндік беретін тәсілмен орнатылған көліктерді тұраққа қоюға тыйым салынады.

Тұрақ ақысын бірден төлеу міндетті емес: жүргізушілер төлемді көлік қойылған күні сағат 23:59-ға дейін жасай алады. Ал тротуар типіндегі коммуналдық тұрақтар күн сайын сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз