Алматыда автобус жүргізушісі рөл басында көз жұмды
Алматыда бағыттағы автобусты басқарып бара жатқан жүргізуші кенеттен қайтыс болды. Оқиға 25 қаңтар күні сағат 14:35 шамасында Абай даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында, №92 бағыттағы қоғадық көліктің бағдаршамның тыйым салу сигналына тоқтаған сәтінде орын алған, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Қайғылы жағдай кезінде жолаушылардың бірі жедел әрекет етіп, үлкен жол апатының алдын алды. Ол жүргізуші кабинасына кіріп, тежегіш педальін басып үлгерген. Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы 1971 жылы туған жүргізушінің өлім дерегін тіркеді. Алдын ала мәлімет бойынша өлімге жедел миокард инфарктісі себеп болған. Жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ.
«Жүргізуші рейс алдында сағат 06:10-да міндетті медициналық тексеруден өткен, ал автобус сағат 06:24-те техникалық бақылаудан өткізілген. Бұл күн жүргізуші үшін бекітілген жұмыс кестесі бойынша бірінші еңбек күні болды» – деп хабарлады «Алматыэлектротранс» ЖШС баспасөз қызметі.
Кәсіпорын мәліметінше марқұм аталған компанияда 2023 жылдың тамыз айынан бері еңбек етіп келген. Ол бұған дейін денсаулық жағдайына байланысты ешқандай шағым айтпаған және диспансерлік есепте тұрмаған. Қазіргі уақытта автобус паркі оқиғаның мән-жайын толық анықтау үстінде.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз