Алматы метросының жаңа учаскесінде оң жақ тоннель аяқталды
Алматы қаласында метроның қолданыстағы Бауыржан Момышұлы станциясы мен салынып жатқан Қалқаман станциясы арасындағы оң жақ аралық тоннельдің қазу жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы ZontNews.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ұзындығы 1593 метр болатын тоннель белгіленген мерзімде тапсырылды. Әкімдіктің мәліметінше, сол жақ аралық тоннель толығымен дайын: онда рельстер мен контакт рельсі төселіп, инженерлік желілер орнатылған. Қазіргі уақытта рельстер жіксіз технология бойынша төселуде.
«Қалқаман» станциясының ғимараты салынған, ішкі әрлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Поездар қозғалысын автоматты басқару жүйесін қоса алғанда, негізгі жабдықтар жеткізілді, жақын уақытта оларды монтаждау және баптау басталады.
Бас мердігер өкілі Мұрат Үкшебаевтың айтуынша, норматив бойынша 24 айға жоспарланған құрылыс жұмыстары шамамен 11 айда орындалған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының толық аяқталуы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына жоспарланып отыр.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз