Жума, 13 Қараша 2026 г.

$
€
₽
  • Алматы
    -2°C
    • Астана
      -2°C
Ру

Алматы метросын кеңейту мерзімдері нақтыланды

Фото көзі: : ашық дереккөзден
ZontNews.kz
Там. 25, 2026, 6 Т.Қ.

Алматының Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы «Қалқаман» станциясының ашылу мерзімі, метроны «Барлық» көлік-логистикалық торабы мен әуежайға дейін жеткізу жоспарлары туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ZontNews.kz.

«Қалқаман» станциясының жерасты бөлігіндегі негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қазір оған іргелес аумақ абаттандырылып жатыр. Іске қосу және баптау жұмыстары жүргізілгеннен кейін станцияны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылысқа 67,8 млрд теңге бөлінген.

Жаңа нысан ашылғанда Алматы метросының бірінші желісіндегі станциялар саны 12-ге жетеді. Қазіргі 14,3 шақырымдық бағыт тағы екі шақырымға ұзарады.

Бірінші желіні «Қалқаманнан» «Барлық» көлік-логистикалық торабына дейін жалғастыру да көзделген. Ұзындығы 5,3 шақырым болатын учаскеде үш станция салынады. Қазір жобалық құжаттама дайындалып, инженерлік желілерді көшіру мен қазаншұңқыр қазу жұмыстары басталған. Ресми бейнематериалда бұл бағытты 2029 жылы іске қосу жоспары көрсетілгенімен, басқарма құрылыстың нақты аяқталу мерзімін атамады.

Метроның екінші желісі «Жібек жолы» станциясынан Алматы халықаралық әуежайына дейін созылады. Ұзындығы 14 шақырым болатын учаскеде сегіз станция орналастырылады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 2026 жылғы 14 шілдеде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған.

Келесі кезеңде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылады. Құрылысты 2027 жылы бастап, желіні 2032 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, инженерлік коммуникациялар мен өзендердің болуы жұмысты қиындатады. Метро 18–25 метр тереңдікте салынады.

Қалада үшінші метро желісін салу жобасы да қарастырылуда. Ол қолданыстағы «Сайран» станциясын Gate City ауданы және жаңа Алатау қаласымен байланыстыруға тиіс. Соңғы мәлімет бойынша, желінің ұзындығы 22 шақырымды құрап, онда 14 станция орналасады. Қазір техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өтуге дайындық жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру мерзімі әзірге белгіленбеген.

Бас жоспар аясында бірінші желіні «Райымбек батыр» станциясынан Алматы-1 теміржол вокзалына дейін 7,7 шақырымға ұзарту да ұсынылған. Бұл бағытта бес жаңа станция салынуы мүмкін. Осы жобалар жүзеге асса, бірінші желінің ұзындығы шамамен 29,2 шақырымға жетіп, станциялар саны 20-ға дейін көбейеді.

Алматы метрополитені 2011 жылғы 1 желтоқсанда пайдалануға берілген. Содан бері ол 83 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Қаладағы қоғамдық көлік сапарларының шамамен 8,2 пайызы метроға тиесілі, ал жолаушылар ағыны жыл сайын орта есеппен 10 пайызға артып келеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?

Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз