Алғашқы АЭС құрылысына келісімшарт жасалды
Қазақстан мен «Росатом» еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салу туралы келісімшартқа қол қойды. Құжат Владивосток қаласында өткен Шығыс экономикалық форумы аясында рәсімделді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Келісімшартқа «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатомның» еншілес кәсіпорны саналатын «Атомстройэкспорт» АҚ қол қойған. Рәсімге Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қатысты.
Осылайша, Қазақстандағы алғашқы АЭС жобасы келіссөз кезеңінен іс жүзінде жүзеге асыру сатысына өтті. Бұған дейін, 2026 жылғы 28 мамырда тараптар үкіметаралық келісімге қол қойған еді. Енді құжат Қазақстан үкіметімен қосымша келісілуі керек.
Қазақстан экономикасы мен өнеркәсібінің дамуы, цифрландыру үдерісі және жасанды интеллект технологияларының кеңінен енгізілуі электр энергиясына деген сұранысты арттырып отыр. Атом электр станциясы алдағы ондаған жыл бойы тұрақты базалық энергия өндіруге мүмкіндік береді деп күтіледі.
Жоба барысында қазақстандық кәсіпорындар мен мамандарды барынша тартуға ерекше көңіл бөлінбек. Құрылысқа қатысқысы келетін компаниялар арнайы жеткізушілер тізіліміне еніп, сапа, қаржылық тұрақтылық және сертификаттау бойынша қатаң талаптарға сай болуы тиіс.
Алдын ала мәлімет бойынша, алғашқы АЭС құрылысы шамамен 11 жылға созылып, 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін. Құрылыс кезінде 15 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Станцияда ВВЭР-1200 реакторлық энергоблоктары пайдаланылады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз