Ақтөбелік жасөспірім мәжбүрлі емге жіберілді
Ақтөбеде анасын пышақтап өлтіріп, әжесін жаралаған 16 жастағы жасөспірімге қатысты сот шешімі шықты. Сот оны қылмыстық жауапкершілікке тартудың орнына психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде емдеуге жіберді, деп хабарлайды ZontNews.kz. КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазір жасөспірім Талғар қаласындағы психиатриялық ауруханада ем қабылдап жатқандықтан, сот отырысына қатысып, шешімді тыңдаған жоқ.
Қайғылы оқиға былтыр Жаңа жыл қарсаңында болған. Тергеу мәліметінше, жасөспірім үйінде 41 жастағы анасымен сөйлесу кезінде жанжалдасып қалған. Ашуға булыққан ол пышақ алып, анасына бірнеше рет соққы жасаған. Әйел алған жарақаттарынан көз жұмды.
Оқиға кезінде 73 жастағы әжесі қызына араша түсуге тырысқан. Алайда немересі оған да пышақ салып, бірнеше жерінен жаралаған. Ауруханаға жеткізілген кейуана аман қалды.
Жасөспірім бұған дейін сабағын жақсы оқып, түрлі олимпиадалардан жүлде алып жүрген. Жақындары оның ашушаңдығы мен мінезіндегі өзгерістерді жасөспірімдік кезеңмен байланыстырып келген.
Сот талқылауы кезінде айыпталушыға бірнеше медициналық сараптама жүргізілді. Он айға созылған зерттеу қорытындысында мамандар оның созылмалы психикалық ауруға шалдыққанын анықтап, «шизофрения» диагнозын қойған.
Сарапшылар жасөспірімнің жағдайы қоғамға қауіп төндіруі мүмкін деген тұжырымға келген. Осыған байланысты сот оны интенсивті бақылау жүргізілетін мамандандырылған психиатриялық ауруханада мәжбүрлеп емдеу туралы шешім шығарды.
Сондай-ақ жасөспірімді арнаулы медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы өзгеріссіз қалдырылды. Сараптамаларға жұмсалған 1 млн 147 мың 523 теңге көлеміндегі процестік шығын мемлекет есебінен өтеледі.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз