Айзат Жұманованы өлтірген күйеуі 14 жылға сотталды
Талдықорған қаласында Айзат Жұманованың қазасына қатысты көп ай бойы жалғасқан сот процесі аяқталды. Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты марқұмның күйеуі Айбар Жанболатты әйелін аяусыз өлтіргені үшін кінәлі деп танып, оған қатаң жаза кесті, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Судьяның шешіміне сәйкес сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өндіру туралы талап арызын ішінара қанағаттандырды.
«Айбар Жанболат Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталғаннан жәбірленуші тарапқа 20 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы және 1 миллион 700 мың теңге өкілдік шығындар өндірілсін» – деп мәлімдеді судья.
Бұған дейін өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 15 жыл мерзім сұраған болатын. Алайда марқұмның анасы Салтанат Жұманова бұл жазаның тым жеңіл екенін айтып, соттан оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруді талап етті.
«Мен бапелеп өсірген қызымды сенің қолыңа тапсырдым. Ал сен оны азаптап өлтірдің. Оның соңғы сағаттарындағы тартқан тауқыметін кешіру мүмкін емес. Кішкентай қызың әлі күнге дейін анасын іздеп жүр. Оған не деп жауап беремін?» – деді марқұмның анасы Салтанат Жұманова сот залында.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 22 маусымда Жетісу облысының Ақсу ауданында болған. Тергеу деректеріне сәйкес Айзат Жұманова ауыр дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде көз жұмған. Сот-медициналық сараптама марқұмның денесінен жабық бас-ми жарақатын, мидың ісінуін, бас сүйегінің, аяқ-қолы мен жамбас сүйектерінің сынықтарын анықтады. Сондай-ақ оның денесінде қатты беткейде сүйретуден қалған іздер табылды.
Сотталушы өз кінәсін мойындамай, әйелінің «селфи жасап жатып терезеден абайсызда құлап кеткенін» алға тартты. Алайда тергеу мен сараптама нәтижелері бұл нұсқаны толықтай жоққа шығарды. Айзаттың туыстарының айтуынша күйеуі оны екі жасар қызының көзінше бірнеше сағат бойы аяусыз соққыға жыққан.
Іс материалдарын қарау барысында судья Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына қатысты жекеше қаулы шығарды. Құжатта істі қарау кезінде медицина мамандарының жұмысына қатысты анықталған кемшіліктер атап көрсетілген және тиісті шаралар қабылдау үшін бір ай уақыт берілген.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз