Қайрат Сатыбалдыға тиесілі Алматыдағы Hilton қонақ үйі сатылымға шығарылды
Алматы қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бұрын кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының иелігінде болған DoubleTree by Hilton Almaty қонақ үйін сатуға дайындап жатыр. Стратегиялық активті бәсекелес ортаға өткізу ашық аукцион форматында іске асырылмақ, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Ведомство мәліметінше нысанды сату бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Нақты мерзімі әлі бекітілмегенімен, ашық сауданың таяу арада өтетіні белгілі болды.
«Нысан белгіленген тәртіппен аукцион арқылы өткізіледі. Сауда-саттықтың нақты мерзімі әлі белгісіз, бірақ олар таяу арада өтеді» – деп хабарлады мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.
Бұл қонақ үй 2023 жылдың маусым айында Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істерді тергеу аясында мемлекет меншігіне өткен болатын. Hilton желісіне тиесілі 11 қабатты кешен Алматының орталығында орналасқан. Онда 112 нөмір, спа-орталық, бассейн, мейрамхана және бірнеше конференц-зал жұмыс істейді.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындау туралы процессуалдық келісім шеңберінде бірқатар активтерін мемлекетке өз еркімен қайтарды. Ресми деректерге сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде мемлекетке қайтарылған мүліктің жалпы құны 732,8 миллиард теңгені құрады. 2024 жылдың тамызында сот кәсіпкердің бас бостандығынан айыру жазасын бостандығын шектеу жазасына ауыстырған еді.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз