2026 жылы 25 мың жасқа мүмкіндік: «Жастар практикасы» қалай жүзеге асады
2026 жылы «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 25 мыңға жуық жас қазақстандықты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек министрлігіне сілтеме жасап ZontNews.kz хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, жобаға жасы 35-тен аспаған, оқу орнын тәмамдаған, бірақ жұмыссыз жүрген түлектер қатыса алады. Бағдарламаның басты мақсаты – жас мамандарға алған білімі бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беру.
Қатысу үшін үміткерлер тұрғылықты жеріндегі Мансап орталығына өтініш беруі тиіс. Практика барысында әрбір қатысушыға жұмыс беруші тарапынан тәлімгер бекітіліп, кәсіби дағдыларды меңгеруге қолдау көрсетіледі.
Бағдарлама аясында қатысушылар ай сайын жалақы алады. Қаржыландыру Еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы негізінде жүзеге асырылады. Төлемдер жұмыс беруші ұсынған мәліметтерге сәйкес, қатысушылардың банк шоттарына аударылады.
2026 жылдың ақпан-наурыз айларының қорытындысы бойынша жоба аясында 423 адам жұмысқа орналасқан. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында мейіргер, заңгер, шет тілі мұғалімі, тәрбиеші және бастауыш сынып мұғалімі бар.
Республика бойынша бағдарламаға қатысушылардың орташа айлық жалақысы 129,7 мың теңгені құраған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз