2026 жылы 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр
Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды ZontNews.kz.
Министрдің айтуынша, тұрғын үй құрылысын ынталандыру шаралары күшейтілсе, бұл көрсеткіш одан әрі өсуі мүмкін. Негізгі құрылыс жұмыстары Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізіледі.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін елде құрылыс алаңдарын қаржыландырудан бастап ипотекалық бағдарламаларды кеңейтуге дейінгі кешенді қолдау шаралары жүзеге асырылады.
Өткен жылы кезекте тұрғандар үшін 218 млрд теңгеге 14,5 мың пәтер сатып алынған, ал «несиелік тұрғын үй» желісі бойынша тағы 14 мың пәтер салынды және сатып алынды. Мемлекеттік баспаналар жеңілдікпен берілетін 2% және 5%-дық несиелердің арқасында қаржылай қолжетімді болып отыр. Оларды 5 мыңнан астам отбасы пайдаланды.
Сонымен қатар, «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы 8,6 мың заем беріліп, жалпы сомасы 233 млрд теңгеге жетті. Былтыр азаматтарға 8 мыңға жуық жалға берілетін тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық қарыз берілді. Бұған қоса, заңға енгізілген түзетулер бұрын «сатып алу құқығынсыз» берілген жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндік берді. Өткен жылы бұл мүмкіндікті 15 мыңнан астам азамат пайдаланған.
Министр Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, биылғы жылы құрылыс саласындағы шаралар елдегі тұрғын үй тапшылығын азайтуға және азаматтар үшін баспананы қолжетімді етуге бағытталған.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз