Өскеменнің экс-әкімі Жақсылық Омар сотта кінәсін мойындады
Өскемен қаласының бұрынғы әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің экс-орынбасары Жақсылық Омар сот барысында өз кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды ZontNews.kz. Orda.kz. редакциясына сілтеме жасап.
Ол бұған дейін ірі көлемдегі алаяқтық және пара алу күдігі бойынша айыпталған болатын. Мемлекеттік айыптаушы сотта екі эпизодты атап өтті.
Бірінші жағдай бойынша, айыпталушы қала әкімі қызметін атқарған кезде бір азаматтан материалдық көмек ретінде автокөлік алуға ықпал еткен. Жәбірленушінің айтуынша, ол Toyota Camry 75 маркалы көлікті алып, әкімдікке тапсырған. Алайда кейін көлік өзіне қайтарылмаған. Тергеу нұсқасы бойынша, автокөлік үшінші тұлғаға рәсімделіп, кейін trade-in арқылы басқа көлікке ауыстырылған. Келтірілген шығын шамамен 13 млн теңге деп бағаланған.
Екінші эпизодта Омар әкімдік қызметкерінен 20 млн теңге сұрады деген болжам бар. Айыпталушы бұл талап емес, тек өтініш болғанын мәлімдеді. Алайда прокурор бұл әрекетті жалпы қамқорлық көрсеткені үшін пара алу ретінде бағалады.
Сонымен қатар, экс-шенеуніктің бағынышты қызметкері Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, арнайы бақылау аясында оған 6 млн теңге бергені белгілі болды.
Кінәсін мойындағаннан кейін қорғау тарапы соттан оны бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Айта кетейік, Жақсылық Омар есімі бұған дейін де резонансты оқиғамен байланысты аталған. Өскеменде Үлбі өзені арқылы өтетін Шнайдер көпірі құлаған кезде, жөндеу жұмыстары қала әкімдігі бақылауында болған. Көпір 2023 жылдың қарашасы мен 2024 жылдың наурызы аралығында күрделі жөндеуден өткеніне қарамастан, 1 қыркүйекте қирап қалған. Жобаға бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сот отырыстары 26 наурызда жалғасады.
Әзірге түсініктеме жоқ!
Пікір қалдыратын бірінші адам болыңыз